Қорқыт – оғыз қыпшақ
тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер
күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел данасы. Оның
өмірде болғаны Сыр бойы мен Сарыарқа алабында
ғұмыр кешкені, нақтылы тарихи тұлға екені
бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми деректер
бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан
қарағанда Қорқыт оғыз тайпасының Қай
(Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың
қыпшақ нағашы жұрты болып келеді.
Қорқыттың әкесі оғыз тайасына белгілі
Қарақожа есімді кісі болса керек.
Қорқыт оғыз бен қыпшаққа
бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт
батыр емес, абыз, халық даналығын бас болып паш етуші және
сақтаушы, оның парасатында дүйім жұрт ден қояды»
– дейді В.В.Бартольд. Бұл тұжырымды Қорқыттан жетті дейтін
нақыл сөздері орнықтыра түсіреді. «Қара
есектің басына жүген таққанмен, тұлпар болмас,
күңге сары шапан жапқанмен, бәйбіше болмас, Анадан
өнеге көрмеген қыз жаман, атадан өнеге алмаған
ұл жаман», «Ата даңқын шығарып, өзінің
тегін қуған балаға ешкім де жетпейді», «Өтірік
сөз өрге бачпайды».Қорқыт туралы жазба дерек болып
табылатын «Қорқыт ата кітабы».
Қорқыт ата оғыз – қыпшақ
ортасындағы саяси - әлеуметтік мәселелерді шешуде жол
көрсетуші бас тұлға. Ол ел ішіндегі жөн –
жоралғыны, салт – дәстүрді реттеуші батагөй дана.
Халықтың сыртқы жаудан, ішкі даудан аман болуын
қадағалаушы ақылгөй. Дүйім жұрттың
көш – қонын, мекен – тұрағын, ен – таңбасын,
ұран – ұжымын белгілеп отыратын білгір.
Қорқыт туралы ең алғашқы
хатқа түскен айғақ «Қорқыт ата кітабы» болса,
мұның өзі ХҮ ғасырда жазылған. Бұл
кітаптың әзірше екі нұсқасы белгілі. Бірі 12 тараудан
тұратын Дрезден нұсқасы, екіншісі – 6 тараудан тұратын
Ватикан нұсқасы. Бұл еңбектер оғыздардың
ата жұртында жазылмаған, әр тарапқа шашыраған
оғыз ұрпағынығ есінде қалған естелік
іспеттес. Бұл орайда Қорқыт туралы аңыз -
әңгіме түрінде жеткен заттық айғақ
түріінде (мола) жеткен, күй түрінде жеткен және топоним
түрінде жеткен ең мол дерек оғыздардың ата
жұртында сақталған. В.В.Бартольд пен В.М. Жирмунский
сияқты білікті ғалымдардың «Қорқытты
қадірлеудің Сырдария өңірінде мың жылдық
өнегесі бар» деуі сондықтан. Орта Азия халықтарының
тарихы мен мәдениетін терең білген Әлішер Науаи (1441 -
1501)әулиелер туралы жинақты («Нафахат ал – унс») аудару барысында
Қорқыт туралы арнайы айта келіп, «Себебі, бұл кісі
түркі халықтарының арасында тым әйгілі, тәптіштеп
сөз қосуды талап етпейді» дейді. Қорқыт туралы
әңыз - әңгімелерді жинап, жан – жақты зерттеу
жұмыстарын жүргізген белгілі фольклоршы Ә.Диваев алғаш
рет қорқыт бейітінің фотоға түсуіне ықпал
еткен. Сырдария суына шайылып кететін болған соң, орынын ауыстырып
жерленген Қорқыт басында ескерткіш белгі бар.
Қорқыт қазақ үшін ең
алдымен күй атасы. Қобызда күй шалу дәстүрін
алғаш орнықтырушы. Қобызын серік етіп, ел қамы мен
халық тағдырын болжайтын көріпкел бақсысы түрік
халықтарының ішінде Қорқыт күйлерін сақтап,
бүгінгі күнге жеткізе алған бірден – бір қазақ
болып отыр.
Қалың қазақ арасында
Қорқыт өміріне қатысты аңыз -
әңгіменің басым көпшілігі күймен
көмкеріліп, күймен сабақтасып отырады. Ел ішінде
«Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны»,
«Қоңыр», «Тәңір күй»,
«қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз
күйлері, байырғы сарындар күні бүгінге дейін тартылады.
Қайрат Балабаев.
Елтұтқа кітабынан
|