Меню сайта
Категории раздела
Все выпуски за 2007-2009 гг [183]
см. все
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 38
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2009 » Сентябрь » 15 » ТАҒЗЫМ
01:25
ТАҒЗЫМ

Маңдайы жарқыраған

Өнерімен өрге жүзген өнер тарланы - Ғұсман Наурызбаевқа сағынышты саз.

 

Қостанай жерінің біртуар таланттарының қатарына Ғұсман Наурызбаевты сөзсіз жатқызар едім. Шыққан жері – туған елі Қостанай облысының қазіргі Обаған ауылы. Тұнып тұрған талант иесі қасиетті киелі жерден шыққанына ешқандай дәлел керек емес.Бұл ауылдың үстімен Шоқан да өткен, сегіз серілер ән салған деректер де бар.

                Міне, осындай киелі топырақтан тамыр алған Ғұсманның таланты бала кезінен-ақ ашылды. Қасиет қонып, қыдыр дарып, үкілі домбырасын қолына алып аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауларына қатысып, жүлделі орын алып жүрді. Атағы бүкіл облысқа танымал болды. Тіпті, Алматы, Мәскеу қалаларында өнерін жұртшылыққа көрсетіп, фестивальдардың лауреаты атанды.

                Ғұсман әншілік өнерімен шыңдала жүріп, айтыс өнеріне де қатысып жүрді. Ақындығы,сазгерлігі, күйшілігі, әншілігі аз дегендей, әкесінен дарыған өнер иесі ағаш шебері болған. «Әке көрген оқ жонар». Өнерге деген құлшынысы Ғұсманды 1971 жылы Қостанай облысының Қарасу топырағына алып келді. Алғашқы қадамын әдіскерліктен бастады. Қызметін атқара жүріп, өз өнерін де халық алдына шығып, көрсетіп жүрді. Қолынан қандай да болмасын жұмыс үркіп жүретін. Музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын.

                Алланың берген таланты жарып шықпай қоймайды.Талғамы мен билігі бір өзінде. Ғұсман өз өлеңдерін кіндік қаны тамған туған жеріне, туғандарына, табиғатқа арнаған. Өлеңдеріне ән де шығара білген. Ақындық жолында аттары республикаға танымал Ақылбек Шаяхмет, Жолбарыс Баязид сынды ақындардан дәріс алып, ақындығын ұштай біле білген. Ғұсман осы әншілік пен ақындықты үнемі бірдей алып жүрді. Бүгінгі күні Ғұсманның 30 шақты өлеңдері бар. Жұртшылық көңілінен шыққан әндер.

                Жұлдызы жарқырап, ел намысын, аудан намысын қорғап жүргенде 1989 жылы кенеттен өмірден ерте озып кете барды. «Ажал айтып келмейді».

                Уақыт деген сағым ғой. Ғұсманның бақилық болғанына табаны күректей 20 жыл болып отыр.

«Өнер жұтамайды» - дегендей, өнер адамдары ешқашанда ұмытылмайды.

                2009 жыл 24 қаңтар айы. Шығармашылық кеш жаңа үлгідегі мәдениет орталығында жақсы өтті. Еске алу кешінің ұйтқысы болып отырған аудандық мәдениет бөлімі, аудан әкімдігі.

Еске алу кешіне Қарасу ауданы әкімінің орынбасары Әбдірахманов Нұрбол Кәмелұлы, ішкі саясат бөлімінің қызметкері бастығы Құсайынова Жаңыл Ақмәдиқызы, марқұмның жанұясы, туғандары, қызметтес достары жиналды. Жиналған қауым бір сәт ойларына алып, тағзым берді.

 

 

Тағзым берілгеннен кейін кеш жүргізушілеріміз екі тілде бастап та кетті.

                Бүгінгі кездесуімізді біздің жерлесіміз, қызметтес досымыз - Ғұсман Наурызбаевқа арнаймыз – деді ұйымдастырушылар.

                Қасиетті қара домбыраның сазды күмбірлеу әуенінде бүгінгі күні орны ойсырап тұрғанын еске алып, сағынышты сезіммен мына өлең жолдарын Құдабаев Нұрбол оқып шығады.

                                               Келген сайын туған жерге

                                               Әкеледі жол саған

                                               Аққу қонса кербез көлге,

                                               Ұқсайды екен ол саған.

                                              

                                               Асып кейде арнасынан,

                                               Тасиды екен Обаған

                                               Көктем сайын жалғасып ән,                                 

                                               Естіледі жағадан

                                              

                                               Көлдей қылып көңіліңді,

                                               Ойламаушы ең бас қамын.

                                               Ұзартқандай өміріңді,

                                               Ән салады достарың

                                              

                                               Еске алмасақ қылығыңды,

                                               Айта алмасақ сол қайғы.

                                               Қамшы саптай ғұмырыңды,

                                               Әнің мәңгі жалғайды.

                                              

                                               Өмір жайлы сыр толғайды,                   

                                               Сенің әнің Ғұсыман

                                               Сыңар аққу сұңқылдайды .

                                               Қарасудың тұсынан

                                              

                                               Сағынамын қоңыр әнді,

                                               Әр сөзінде қалың мұң,

                                               Шертіп қойып домбыраңды,

                                               Қайда жүрсің, қадірлім

Осындай өлең жолдары жиналған жұртшылықтың көкейін өксік қысып, көз жастары келді. Қалайша қиярсың? Жетемін деп, жеткіземін деп жүргенде жеткізбей кеткен арман-ай!

 «Жігітке жеті өнер де аз» - дегендей, Ғұсман әншілік өнерімен қоса, жыршы ретінде термешілер сайысына да қатысып жүрді. Музыкалық аспаптардың қай-қайсының құлағында ойнайды. Туа біткен талант иесі.

                Ғұсманның қазіргі уақытта жастар арасына кең тарап кеткен «Аққуым менің» әні.

                «Ұшады құстар», «Әдемі», «Туған жер деп мен айтар едім», «Сағындым туған жерімді» т. б. тамаша әндері өзінің өлең жинағына енгізілген.

                Табиғи заңдылық па екен, бұл жалғанда біреулер келер, біреулер кетер дегендей, біреулер тым ерте, біреулер кеш озып жатады екен-ау. «Ғалымның аты қалады, жазушының хаты қалады» - демекші, марқұмның артында қалған  тұяқтары бар.

                Үш баламен Жақсылық есімді жұбайы жылап-сықтап қала берді. «Өлгеннің артынан өлген жоқ» - дегендей, «Ана – жүрек» балаларын қызғыштай қорып, жақсы тәлім-тәрбие беріп, білім беріп, қатарынан қалдырмай өсіріп, бүгінгі күні ер-азаматтары шаңырақ иелері болып, қыз баласы – кең өріс , бір шаңырақтың берекесі мен мерекесі болып жүр. Ғұсманның артында қалған тұяғы – Ербол:

                - Жанұяда әке – асқар тау, тіреуіміз болып еді, өкінішті-ақ, қазір қасымызда жоқ. Әкеміз қайтыс болғанда Тимур екеуіміз кішкентаймыз, әкеміздің домбыра тартып, ән салатыныны есімізде. Өнерлі әкемізді мақтан тұтып, әкеміздің өнерін, қадір – қасиетін біздің балаларымызға дарысын деп ойлаймыз. Әрқашанда әкемізді есімізден шығармаймыз. Бүгін, міне, Қарасу жерінде әкемізді еске алып, шығармашылық кешін өткізіп жатырсыздар. Ризашылығымызды білдіреміз. Біріншіден, аудан әкімдігіне, екіншіден мәдениет бөлімінің басшылығына шексіз алғысымызды айтамыз.

                Ғұсманның қыз баласы бар, есімі – Махаббат, марқұм өзі ат қойған екен. Ең алғашқы көрген қызығым, қуанышым деп. Қызы да әкесінің аузынан  түсіп қалғандай екен. Мінезі де, өнерге деген құштарлығы да, іс- қимылы да айнымаған әкесі. Қазақта бар ғой, қыз бала әкесіне тартса, бақытты болады- дегендей. Солай демекші, Махаббат , айналайын, бақытты бол дейміз.

                Ал, енді, сөз толғауын Махаббатқа берелік. Біріншіден, жұртшылыққа сәлем беріп, әкесінің өнерге қалай үйреткенін айтып, әкесіне деген балалық махаббатын ағыла айтты.

- Әкемнің өнері жеке өз басым үшін баға жетпес дәреже, аса биік шың. «Ата жолын қуды ма екен?» - қызым музыка мектебіне барады. Атасына тартқан жақсы сурет салады. Біз бәріміз де аяқтандық. Аллаға рахмет айтамыз. Тек қана бұл өмірде орны толмас асыл қазына әкеміз жоқ.

Сағынышты толғанумен Махаббат қолына гитара аспабын алып, әкесінің өзіне арнаған «Балапаным» деген өлеңін тебірене орындап берді.

- Тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет! Қайран әкеміз бір аунап түсіп жатқан шығар. Еске алғандарыңызға мың да бір рахмет! Аудан әкімдігіне, аудандық мәдениет бөлімінің басшылығына бас иеміз - деді Махаббат.

                Жанұясынан кейін марқұмның өз туғандары сөз алды. Бала кезінен бірге өскен апасы Рақия, жездесі Байқуаныш. Бұл кісілер Қостанай қаласында тұрады.

Апатайы:

- Ғұсман бала кезінен өнерге құштар болды.Әкеміз бізге домбыра үйрететін. Менің домбырам кішірек болды, ал Ғұсманның домбырасы  үлкендеу болатын. Домбыраны тез арада үйреніп те алды. Сондай талантты болды. Тіпті, мені үйрететін болды. Өнер жолымен қызметте жүргенде «...Мен осы бұл өмірден ертерек кетіп қалатын шығармын. Жазған өлеңдеріме ән шығарып, көкейде жүрген ойларымды жазып, өлеңдер жинағын шығарсам ғой!»- деп жүруші еді. Сонда жаратылысы киелі топырақтан болғасын, қасиет дарып, ертерек бал ашып, толқытып жүргені екені ғой. Періштем-ай! Алла тағала білдіртіп жүр екен» - деп іштегі қимастық шерін ақтарып салды.

                Бауырымды еске алып, алыстағы туғандардың басын қосып, өнер жолындағы күндерге қол созып, «Қайдасың, қадірлім»- деп кеш өткізіп жатқандарыңызға рахмет.

                Аудан басшыларына, аудандық мәдениет бөлімінің басшысына аналық алғысымды айтамын.

                Жездесі де еске алып:

- Балдызым өнер майталманы еді, тек қана ғұмыры қысқа болды. Аллаға да жақсы адам керек қой. Артында қалып, тіршілік жасап жатқан ұрпағына дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін.

                Аудан әкімдігінің шешімімен Ғұсман Наурызбаевқа ауданның «Құрметті азаматы» деген атағы берілуі ұйғарылып отыр.

                Ғұсман аудан намысын қорғау, елдегі мәдени шараларға біте қайнасқан бірге қызметтес әріптесі, бүгінгі таңда аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Асачёва Галина Петровна сөз алды

                - Ғұсманмен мен аз уақыттай қызметтес болдым. Аз уақыттың ішінде өнерлі жігіттің ақындығына, әншілігіне, сазгерлігіне тәнті болдым. Қабілетінің дарындылығында сөзім жоқ. Аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орынға ие болып жүрдік. Облысымыздың майталман ақындарымен  етене қарым- қатынаста болып, ақындық жолын ұштады. Ақындардың өлеңдеріне ән де шығарып жүрді.

                Ғұсманның әндері – қазақ әндерінің інжу-маржандары.Сазгердің әніне есімдері республикаға танымал майталман ақындары сөз жазған. Тағы да атап кетсек, артық болмас. Ақылбек Шаяхмет, Жолбарыс Баязид Ғұсманның өнер жолының өрлеуіне оң әсертигізіп, әншінің жұлдызын биікке көтере білді. Бүгінгі ұрпаққа айтарым:

                - Өлеңдерін жүрегімізде сақтайық! Өнер тарланын есімізден шығармай, әсем сазды әндерін құрметпен айта жүрейік, қадірлі ағайын!

                Ғұсманның шығармашылық кешіне келіп, ой толқытып, біршамадай қайта жаңғыртып, әндерін айтып, тамаша жанұясымен, туыстарымен танысып, тереңірек білісіп, кейінгі толқындарға үлгі етейік!

                Осы шығармашылық кешке Қостанай қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық мұражайдың жетекші ғылыми қызметкері Қуанова Роза Қаратайқызы келіп, сөз сөйледі.

                - Облысымыздың өнер тарланын еске алуымыз орынды игі мәдени шара. Тағы да қазағымның өнері бір саты жоғары көтеріліп қалды. Шығармашылық өмірбаянымен де, әсем әндерімен де тереңірек танысып-білісіп жатырмыз. Осы кешпен шектеліп қалмай, Ғұсманның туа біткен талантты жігіт екендігін әрі қарай қайта жандандыру мақсатында алда қаншама ізденіс, материалдар жинау, сазды тірі дауысы жазылған касеталарды табу керек. Құрметті қауым, жерлестер! Қазағымның өнері жаңғырып, шоқтығы биіктен көрінсін десеңіздер, бір кісідей ат салысуларыңызды сұраймын. Қолда бар материалдарыңызды облыстық мұражайға әкеліп, тапсыруларыңызды көптен-көп өтінемін. Өнеріміз де, мәдениетіміз де жаңғырып, келешек жас талант буындарына айтарымыз да әсерлі болар еді. Қолдау жасап, құптарлық жайт-бүкілхалықтық іс- шара.

                Өнер жолындағы жас өнерпаздарға Ғүсман ағаларының шығармашылық белестері үлгі-өнеге. Қазіргі өнерлі жастарымыз: Әубәкірова Ғалия, Құдабаев Нұрбол, ауданымыздың белді домбырашысы Нөсерова  Раушан және вокалдық топ «Глория».

                Аудандық мәдениет бөлімінің басшылығына, мәдениет үйінің әртістеріне айтар алғысымыз шексіз. Қанаттарың талмай, самғай беріңіздер.

                Кеш соңында ас берілді. Асқа арнайы шақырумен аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы келді. Марқұмның рухына бағышталып, құран оқылды.

                Алладан тілегіміз - орны оңалып, бала- шағалары аман болғай!

                Немерелері ер жетіп, асыл жары Жақсылық қызығын көрсін!

 

 

«Әсем ән мен тәтті күй

Құлақтан  кіріп, бойды алар»

- деп, қазақтың  Ұлы ақыны  Абай  айтқандай,  ән  сүйер  өнерлі жастарға Ғұсманның өлеңдерін  тыңдап,  ыждаһаттық  сезіммен  айта жүрсе, ән  әлемі  бай  болар еді

Ғұсманның біраз әндері  облыстық радионың  фонотекасында  сақтаулы.

Әндері «Ауыл кеші көңілді»  жинағының  кейінгі  басылымдарында жиі-жиі жыл сайын  жарық  көріп  келеді.

Жақсы ән  қашанда  болса  жанды  жарқырататыны  белгілі.Қайталап,  айта берсек  те  еш  жалықпаймыз, қайта  көңіліміз көтеріліп, рухани күш аламыз.

Ән- көңілдің ажары- дегендей,  жүзіміз  әрқашанда   ақ  жарқын  болғай!

Ән  сүйер қауым,  оқырман  қауым  сіздердің  назарларыңызға Ғүсманның  өлеңдерін  ұсынып отырмыз.

                                              

               

                «Сағындым  туған жерімді»

               

                Аңсатып жүрген  жусайды қырың,

Туған жерім  келдім төсіңе.

Даламның  ғажап  сақталған  сырын,

Түсірдің  менің  есіме

 

                Қайырмасы:

О, туған жерім,

Аяулы елім!

Сағындым  құрдас бауырымды,

Бұлбұлы  сайрап,

Гүлдері  жайнап,

Тұратын   дарқан   ауылымды

 

Шықпайтын естен  дәуренді  кешкен

Еркіне  елдің  бағындым

Құлын  мен  тайдай  шұрқырап  өскен,

Сендерді достар  сағындым.

 

Жүрсем де қайда, кетпейсің  ойдан

Көңілдің  көлін  шайқаған.

Күш тасып бойда, келгендей тойға,

Оралам  саған  қайтадан

                                                                             

 

 

 

 

 

 

 

 

«Достарым  менің»

Жас  шағым өткен сен  туған  жерім,

 

Ойнадым ,  күлдім баурыңда  сенің.

Сол  жастық шақта өткізген бірге,                                                                  

Қайда екен  қайда  достарым  менің.             2 рет                                           

Суылдап көкте құстар  қанаты,

Қоштасып елмен  әнге  салады

Зымырап уақыт,  жабырқап  көңіл,

Достарсыз  күндер  өтіп барады.                                          2 рет

 

Кеудемде толы  сағыныш  жалын,

Қайда жүрсіңдер  қайран  достарым.

Жүрсек те  алыс,  қиыр  шеттерде,                                       2 рет

Шырқайық  достар жастық  шақ  әнін

 

               

 

               

               

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

«Аққуым   менің»

 

                                                                                              Сөзі мен әні: Ғ. Наурызбаевтікі

 

 

 

Аққуым  менің  қоншы  көліме,

Сазды  күй  мен ән  шалқысын  жастық  көңілде.

Аққуым менің әніңмен әсем,

Күн нұрындай сәулеңді құй нәзік сезімге.

 

Қайырмасы:

Махаббат сенім,

Әнің боп сенің.

Қалықтай ұш,

Аққуым менің.

 

Аққуым менің аппақсың қандай

Жер бетіне жаңа жауған ұлпа ақ қардай,

Аққуым менің, мөлдір көздерің,

Жүрегіме нұрын төкті атқан ақ таңдай!

Категория: Все выпуски за 2007-2009 гг | Просмотров: 3173 | Добавил: gazeta_KO | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Поиск
Календарь
«  Сентябрь 2009  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930
Архив записей
Друзья сайта
  • Интернет компания