Меню сайта
Категории раздела
Все выпуски за 2007-2009 гг [183]
см. все
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 38
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2009 » Сентябрь » 15 » Шешендік өнер (рубрика) Үш жүзге билік айтқан Байдалы би
02:30
Шешендік өнер (рубрика) Үш жүзге билік айтқан Байдалы би

Байдалы би қазақтың көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірі, білікті би, ойшыл ақын, атақты шешен, кезінде Абылай ханның тікелей ақылшысы болған адам. Не бір шиеленіскен ел дауы, жер дауы, жесір дауы - Байдалы алдынан шешім тауып отырған. Абылай хан асқан шешендігіне, ақылды кеңесіне дән риза болып, «сегіз биім, сегіз бидің ішіндегі семіз биім» деп атағанда оның дене бітіміне емес, ақыл-парасатына, шешендік тапқырлығына қарап айтса керек. Өзге билер Байдалы билігіне тоқтаған. Тіптен, Абылай ханның өзі де одан аса алмаған.

Ол қазіргі Қарағанды облысы, Сарысу өзенінің бойында, Жаңаарқа маңында, бұрынғы «Дружба» совхозы (2002 жылдан бастап Байдалы би ауылы) орналасқан жерде туған. Биіміз 1722-1723 жылдары дүниеге келген. Байдалы би Абылай ханның сегіз биінің бірі болып, Хан кеңесіне мүше болып сайланған. Байдалы бидің арғы тегі – Арғын тайпасының Қуандық руынан шыққан.

Байдалы би қазақтың көшпелі заманында Сарыарқаның орталығы деп аталатын Жаңаарқа ауданы тұрған жерде өмір сүріп, ұрпақ таратқан екен. Жер кең, көшпелі заман болған соң, Көкшетау, Баян, Ерейменге қарай жайлаған. Жастайынан мұсылманша оқыған, сауатты адам болған. Жас кезінен бастап, халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алған. Өз заманының ақылды, білімді, парасатты азаматы дәрежесіне жеткен.

Байдалы би он екі жасынан бастап ауыл арасында билік айта бастапты. Ел ішінде дау-дамай біткен бе. Қаршадай бала сондай түйінді дауларды шешкен билердің сөзіне қанып, әділдігіне бас иіп өскендіктен ел билігіне ертерек араласады. Әрі таңдайы тақылдап, айтқан сөзін нақылдап тұрған баланы елдің көнекөз қариялары тез танып, ақ батасын береді. Бас қосқан жерден тастамай, ақ сұңқарды баулығандай соңына ертіп, үлкен дауларға алып баратын болған. Өздері әділ шешім айта алмай, ағайындыққа бүйрегі бұрар сәттерде билікті балаға айтқызады. Содан бала бидің аты ауыл-аймаққа тез жайылады. Бірте-бірте ол үш жүздің ішіндегі үлкен дауларға да төрелік айта бастайды. Жағалай жатқан жалпақ ел Байдалының атына ерте қанығады. Қара қылды қақ жарған қазылығына тәнті болады. Оның даңқы бірте- бірте Абылай ханға да жетеді.

Сырттан әділдігіне, шешендігіне және ақыл-парасатына көптен сүйсініп жүрген Абылай Байдалыны өз ордасына шақырады.

Хан ордасында Байдалы беделді болады. Орыс патшасының Бөкей ордасына байланысты айтылған пікірлері қазақ мемлекеттігіне қатысты ой болатын. Ресей әкімшілігі қазақ мемлекеттігін жою, сондай- ақ қазақтың ұлттық, мемлекеттік идеясын қоғамдық санасынан ысырып тастау әрекетіне қарсы тұрған негізгі күштердің бірі, әрине, қазақ басқарушы элитасы болатын.

Ал қазақ басқарушы тобы үшін он сегізінші ғасырдан бастап- ақ орыс әкімшілігіне, оның реформаларына деген қатынас ең өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Қызметімен көзге түсіп үлгірген сұлтандарды өткізуге тырысып, ал өзін еркін ұстап, мемлекеттік тәуелсіздік жөнінде ойлайтын жігерлі билеушілерді тежеп, ығыстырып отырған.

Осы кезеңде Байдалы шешен айтқан биліктерін елдің құқық тарихындағы бірден-бір тыңнан шығарылған биліктер деп емес, ертеден келе жатқан Сақ, Ғұн, Көк түрік замандарынан бастау алған заңдардың яғни  Шыңғыс ханның «Ясасының», Есім ханның ескі жолының, Қасым ханның  қасқа жолының, Әз Тәукенің «Жеті жарғысының» заңды жалғасы деп білген дұрыс.

Кемеңгер би бүкіл ел қамын ойлаған, қазақтың бірсыпыра белгілі қайраткерлеріне ақылшы аға, үлгілі ұстаз болған, қайратты, қабілетті ерге қамқорлық жасаған адам. Ол жалпы әлсіздерге болысу, әділ болу, қиянатқа қарсы тұру -  адамдық, азаматтық парыз деп түсінген. Халық жадындағы Байдалы би - ел қамын жеген үлкен ойшыл гуманист.

Байдалы Бекшеұлы Қазақ халқының өзара және басқа туысқан мемлекеттермен достық қарым-қатынаста болуын арман-мұрат тұтқан. Асылы, Байдалы би соғысты емес, бейбітшілікті, алауыздықты емес, бірлікті, халықтар достығын, өзара ынтымақ, мәмілегерлікті жақтаған қайраткер, дипломат.

Байдалы тек би ғана емес, ойшыл ақын болған. Байекең ақындық өнермен ерте танылған. Байдалы 16-17 жасында былай деген екен:

                Жау көңілін қылышпен басқан жігіт,

                Батыр емей немене асқан жігіт?

                Жау дегенде найза алып шыға алмаған,

                Қорқақ емей немене сасқан жігіт!

                Ердің ерін сынайтын майдан жерден,

                Қатын емей немене қашқан жігіт!

                Мың жылқылы байыңа пысқыра ма,

                Оразасын үйінен ашқан жігіт!...

Алғашқы кезде жас Байдалы ауылдағы ойын-сауықтың, тойдың көркі болып, өз жұртына жақсы танылған. Кейін айтысқа түсіп, өнерін жетілдіре түскен.

Ауыл ақсақалдары Байдалының суырыпсалма ақындығын сынау мақсатында, жігіттік, азаматтық жөнінде жырлап беруін сұрайды. Жас ақын іркілместен:

                Түнді қанша мақтасаң,

                Жарқырап атқан таң болмас.

                Тәңірі берген жігітке,

                Қойды бақса қор болмас.

                Құдай жаман жаратса,

                Қанша созса зор болмас.

                Құзғын, қарға жиылып,

                Намыстанса қаз болмас.

                Отқа салып илесең,

                Алтын,сірә, жез болмас.

                Аяққа шұлғау қылсаң да,

                Асыл жібек бөз болмас,- деп сусылдата жөнеледі.

Бекше – ағайын ішінде аз ру. Көп өскен ағайындардан қиянат көргенде «Аздың жақсысы болғанша, көптің жаманы неге болмадым. Ақ бидайдың дәні болғанша, арпаның сабаны неге болмадым» деп, би кейде назалана толғанған екен деседі ел. Өзінің көзі тірісінде ел бірлігін, ағайын арасының ашылмауын ойлаған би, ынтымақ пен татулыққа шақырған талай ұлағатты сөздер айтқан ұрпағына.Сол нақылдарының бірінде:

                Адамың өлсе қойысқан,

                Малың өлсе сойысқан,

                Қысылшаң халге елгенде ,

                Қол ұшын берер туысқан.

                Ауылыңа жау тақалса,

                Айғайласып қуысқан,

                Ағайынға не жетсін!» - деп әдейі тізе батыра сөйлеп, жауласқан ағайын арасын бітістіріпті.

Байдалы би ұзақ ғұмырында талайды көріп, талайды бастан кешкенін, өмірде кездескен адамдардың жақсы-жаман қылығын кейінгіге үлгі-өнеге болсын деген мақсатпен жырға қосқан.

                Панасы жоқ таудан без,

                Пайдасы жоқ байдан без

Шөп шықпайтын сайдан без,

Мағынасыз ойдан без

Жанжалы көп ойдан без

Қырсық сөйлеп, теріс баққан,

бейбақтарға болма кез

Сөз ұғарлық адамға,

үйретуге шыдап төз.

Бұра тартқан бүлдірген,

ел ішінде кездессе,

ақсақалдар оларды

талкылайтын құрған тез.

Соның бәрін көріп жүр,

маңдайдағы екі көз.

Ақын қашан да өзінен гөрі өзгенің, өз халқының, елі-жұртының қуанышына қуанады, қайғысына қайғырады.

Байдалы би халқым деп қайғырған, елім деп егілген сезімтал ақын жаны сол халықпен бірге күйзеледі:

Ел  ағасына жарасар -

ел ұстарлық айласы

Бәрінен де қиын ғой

ағайынның аласы.

Мал аласы сыртында,

ішінде болар адамның

қаскүнемдік аласы.

Өмір деген қысқа ғой,

Ой, адамзат, айтарым

Алды-артыңа қарашы!

Шығармаларының негізгі идеясы: адамның өмірдегі орны бөлек, адам табиғатқа, табиғат адамға ұқсайды, бақыт пен бақытсыздық қоғамның  құрылысына, кейдеадамның өзіне де байланысты, жамандық пен жақсылықтың бір-біріне атыстырып, ру тартысын қоздырып жүретін айлакер түлкі мінезді адамдардан асқан азғындық жоқ, адам біреуге жамандық  жасау  үшін емес, жақсылық үшін жаратылған. Біз жарық дүниеге сүю үшін, бағалау үшін келдік дейді.

 

Шешендік сөздер

 

Шешендік сөз, шешендік өнер - өнердің кәусар туындысы. Ол халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығып, халқымыздың  рухани сусынына айналды. Ата-бабамыздан ұрпаққа мұра болып қалған бұл өнерде халық даналығының, кемеңгерлігінің ізі самаладай сайрап жатыр. Бұл өнердің де басқа өнерлер сияқты жасампаз күші – халық қажетіне жарамды, пайдалы болуында.

Шешендік сөздер - көлемі жағынан қысқа да болса, қисынды да өткір, ақиқат өмірдің айнасы, халқымыздың көркем тарихы. Қазақтың шешендік сөздері жиналып зерттеуден кем де, кедей де емес. Бұл ретте тапқырлық нақыл сөздерін жинап жариялаушы ғылымдардың бірі - Ыбырай Алтынсарин.

Шешендік сөздің тәрбиелік мәнін дұрыс түсінген ұлы ағартушы, оны кезінде өзінің педагогикалық ұлағатты ісіне пайдалана білген. Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде танып, алғаш зерттеген ғалым - М. Әуезов.

Ел аузында Байдалы би туралы көптеген тарихи аңыздар мен ертегі-әңгімелер сақталған. Оның атымен байланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөздер, билік-кесімдер халық арасында кең тараған.

Бірде есесі кетіп, теңдік ала алмай жүрген төре тұқымының бір жастау азаматы Байдекеңе аяғын үзеңгісіне салып, атқа міне бергенде, сұрақ қойып: «Байеке, алыс не, жақын не?» - депті. Сонда Байдалы би өрге көтеріле беріп: «Жақын – ажал, алыс – білімді, мен білімсіздің арасы» - дейді.

Бір үлкен аста Байдалы биді сынау үшін үш жүздің таңдаулы азаматтары: «Байеке, осы қанат не, жанат не, сағат не, ағат не, болат не?» - деп бес сұрақ қойыпты. Оған дана би: «Ердің күткен жақсы аты - қанат емей, немене?! Тоқтышақтың терісі - жанат емей немене?! Соғып тұрған жүрегің - сағат емей немене?! Жігіттікте өткен іс - ағат емей, немене?! Ауыздағы отыз тіс – болат емей, немене?! – деп жауап берген екен.

 

Ой ұшқындары

 

Өмірде бір ғана жол бар, ол - ақиқат жолы, басқа жол- бұралаң

 

Заңға сүйенген қоғам - мықты қоғам

 

Қоғамды түзеймін десең - алдымен отбасыңды түзе

 

Билік жүйесі жаңарып тұрмаса - қоғам сүрінуге де бар

 

Күнәңді көтере алмасаң - кешірім сұрамай-ақ қой

 

Бастық болсаң – достар көп,орныңнан түссең – бірде-бірі жоқ

 

Жамал Жолмұхамед

 

Категория: Все выпуски за 2007-2009 гг | Просмотров: 20235 | Добавил: gazeta_KO | Рейтинг: 2.9/8
Всего комментариев: 0
Поиск
Календарь
«  Сентябрь 2009  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930
Архив записей
Друзья сайта
  • Интернет компания