Меню сайта
Категории раздела
Все выпуски за 2007-2009 гг [183]
см. все
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 38
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2009 » Сентябрь » 15 » Послание Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева народу Казахстана. ЧЕРЕЗ КРИЗИС К ОБНОВЛЕНИЮ И РАЗВИТИЮ
02:27
Послание Президента Республики Казахстан Н.А. Назарбаева народу Казахстана. ЧЕРЕЗ КРИЗИС К ОБНОВЛЕНИЮ И РАЗВИТИЮ

  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың халыққа жолдауы

 

 

ДАҒДАРЫСТАН ЖАҢАРУ МЕН ДАМУҒА

 

 

Қадірлі қазақстандықтар!

Қымбатты менің отандастарым!

 

Қазір бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық дағдарыстың қиындықтарын бастан өткеруде.

Жаһандық дағдарыс дауылы алпауыт мемлекеттерді де шайқалта бастағанын бәріңіз көріп, біліп отырсыздар.

Дағдарыс салқыны бізді де айналып өткен жоқ.

Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз.

Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру – тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей еді.

Ел болып ол қиындықтарды да еңсеріп өттік.

Өткен ғасырдың соңында Шығыс Азияда басталған кезекті дағдарыс тұсында тәуелсіздігіміз тағы бір сынаққа түскен болатын.

Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім, ұтымды іс-қимылдың арқасында біз одан да аман-есен өте шықтық.

Біз осылайша сындарлы жылдар мен күрделі кезеңдерде лайықты тәжірибе жинақтап, ысылып, шыңдала түстік. Ел дамуының жаңа бағыттарын айқындап, қарыштап алға басумен болдық.

Сол сияқты қазіргі әлемдік дағдарыс та өткінші құбылыс.

Халқымыз мұндай күйзелістер кезінде “көппен көрген ұлы той” деп, сабыр сақтап, ынтымақ-бірлігін бекіте түскен. Қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған.

Мемлекет дағдарыстың алдын алудың барлық шараларын жасауда. Ұлттық қордан бөлінген ауқымды қаражат қазір отандық экономиканың кідіріссіз жұмыс істеуіне қызмет ете бастады.

Әлеуметтік кепілдіктер толығымен сақталып отыр.

Олай болса, бұл дағдарыстан да біздің аман-есен өтетініміз айдай анық.

Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады.

Алдымызда бізді үлкен белес күтіп тұр. Ол – Қазақстан тәуелсіздігінің жиырма жылдығы.

Дүние дамуымен есептегенде жиырма жыл деген көп те емес шығар. Бірақ біз үшін үлкен кезең тұтас бір дәуірмен барабар.

Олай болатыны, тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты.

Сол себепті тәуелсіздіктің әрбір жылының біз үшін мәні бөлек, маңызы айрықша.

Халқымыздың басына түскен қандай да бір сынаққа қарамастан біз тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы жасампаз істерімізді жалғастыра бермекпіз.

Барша қазақстандықтардың жұмған жұдырықтай бірлігінің арқасында біз алмайтын асу, біз жеңбейтін кедергі болмайды.

Солай боларына нақты сеніңіздер, құрметті отандастар!

 

Құрметті қазақстандықтар!

Қымбатты отандастар!

 

Іс жүзінде жиырма жыл бойы күннен-күнге біз сіздермен жаңа елді құру үстіндеміз.

Ашық та өркенді елді.

Жылдан-жылға қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсара түскен елді.

Саяси тұрақты және өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен елді.

Ешқашан және ешкім үшін сыртқы қатер көзі болмайтын елді.

Ондаған жылдар оза қабылдаған Қазақстанның даму стратегиясы, оны елдің нақты табыстарына айналдыру тәжірибесі бізге өз күшімізге деген сенімділікті берді, біз таңдап алған жолымыздың дұрыстығына көз жеткіздік. Нақ сондықтан да бұдан екі жылдан астам бұрын басталған әлемдік қаржы рыноктарындағы дағдарыстың әу басында біз дағдарысқа қарсы шаралардың кешенді жүйесін әзірлеп, дәйектілікпен іске асырып келеміз.

Біз ішкі және сыртқы конъюнктураны жіті қадағалап, еш кідіріссіз табанды шараларды қолға алудамыз. Нақ сондықтан да жаһандық азық-түлік дағдарысы біз үшін ұлттық апатқа айналған жоқ.

Бірақ бүгінде бүкіләлемдік экономиканы діңкелетіп үлгерген экономикалық дағдарыс біздің беріктігімізді сынаққа салуда.

Дағдарыс бізге сырттан келді. Оның көздері елдің ішінде емес, әлемдік экономиканың сәйкессіздігінде жатыр.

Дағдарысты болдырмау және бәрін алдын ала көздеу мүмкін емес еді.

Оны еңсеруге әлемнің жетекші экономикалары қазірдің өзінде 10 триллионнан астам АҚШ долларын, яғни бүкіл әлемдік ІЖӨ-нің іс жүзінде 15 пайызын жұмсады. Бірақ та ахуал жақсы жаққа қарай әлі өзгеретін емес.

Дағдарыс өз ауқымына дәйектілікпен Америка континентін, Еуропа мен Азияны тартты.

Бүкіл жағдайға қарағанда, ол ұзаққа созылады. Талдамашылар айтқанындай, әлемдік экономика өз құлдырауында әлі шыңырау түбіне жеткен жоқ.

Әлемде болып жатқан үдерістерге өз көзқарасымды мен өзімнің “Дағдарыстан шығу кілті” атты мақаламда баяндадым. Оған түрліше қарауға болар, бірақ та біз, қазақстандықтар, осынау дағдарыстан шығудың жалпы ізденісіне өз ойымызды қостық. Дағдарыс қатардағы емес, одан шығудың нұсқалары мүлдем әртүрлі болуы тиіс.

Мен осынау жаһандық дағдарыстан кейін әлемдік қаржы жүйесі, бәлкім, мемлекеттерді саяси басқаруда өзгеретініне сенімдімін. Көпшілік экономиканы “қолмен басқару” қажеттігіне келіп отыр, ал реттеу осы дағдарыстан шығудың аса маңызды ісіне айналуда.

Сондықтан да тереңде түбегейлі көзқарас әлемдік қоғамдастықта әлемдік нарықтық экономиканың келесі бұрылыстарында бізді қауіпсіздендіру жолын табуға көмектеседі.

Сондықтан мен ұсынған түбегейлі шаралар әлемдік қоғамдастықта талқыланатын болады.

Менің ұсынысым – бұл жаһандық проблемаларды шешу ізденісіне қосқан үлесім.

Бірақ та бүгінгі нақтылық мынадай, әлемдегі іскерлік белсенділіктің қысылуы мұнай мен металға деген сұраныстың төмендеуіне соқтырды. Ал бұлар – Қазақстан экспортының негізі.

Бір жылда мұнай бағасы 4 есе дерлік, металл бағасы 2 есе дерлік құлап түсті.

Біздің негізгі сауда-саттық әріптестеріміз әрі жақын көршілеріміз – Ресей мен Украина өздерінің ұлттық валюталарын 40-45 пайызға құнсыздандырды. Сондықтан да біз өзіміздің тауар өндірушілеріміздің мүддесі тұрғысынан теңгенің құнсыздануына баруға мәжбүр болдық. Өйтпесек қазақстандық өнім өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтар еді. Біз елдің алтын-валюта резервін жұмсауды жалғастыра берер едік.

 

Құрметті қазақстандықтар!

 

Өкінішке орай, қиын сынақтар мен дағдарыс қысымының салмағы әлсіремей тұр. Мұны сіздер де білуге тиіссіздер.

Бірақ та мынаған сенімді болуға тиіссіздер, біз бұл сынақтарға дайын ғана емеспіз.

Біз оларды еңсереміз және осы дағдарыстан әлдеқайда күшті және өркенді мемлекет болып шығамыз.

Біз әлемдік қауымдастықтағы өз ұстанымымызды сақтаймыз.

Ұлттық қорды құра отырып, біз қорланудың мақсатты саясатын жүргіздік.

Бұл қорды құру керек пе, әлде қаржыны баршаға аз-аздап үлестіреміз бе дегенге орай қаншама талас жүргенін сіздер жақсы білесіздер. Қазіргідей бюджетке алымдар 20 %-ға төмендеген кезде зейнатақы және жалақы төлеумен не істер еді?

Жақсы уақытта осы қорды құра отырып, біз дұрыс істедік. Өзінің ертеңгі күні туралы ойлайтын мемлекеттер осылай істеуге тиіс.

Сол арқылы біз осы тұрпатты сілкіністер мүмкіндігінің алдындағы экономикамыздың беріктік қорын қамтамасыз еттік.

Өмірге қабілетті және икемді экономика жасау үшін біз дәйектілікпен күрделі құрылымдық реформаларды жүргізіп, экспорттық әлеуетті ұлғайттық және әртараптандыруды бастап кеттік.

Нақ сондықтан да бүгінде біздің айтарлықтай мүмкіндігіміз бар және ойластырылған әрі тиімді дағдарысқа қарсы саясат жүргізуге жағдайымыз жетеді.

Көптеген мемлекеттердің пайда болған жаһандық дағдарысқа жауап берген шарасы ынталандырушы экономикалық шаралар пакетін қабылдау болды.

Қазақстан әлемдік экономиканың өскелең турбуленттілігіне жедел үн қатқан және алдын алу шараларын іске асыруға кіріскен әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі болды.

Қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін біз банктерге қосымша өтімділік бердік. Бұл шағын және орта бизнестің, ірі кәсіпорындардың экономикалық белсенділігін қамтамасыз ету үшін жасалды.

Жеке тұлғалардың салымдары бойынша кепілді өтеудің сомасы 700 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Мемлекет сыртқы қарыз алумен және меншік капиталының жеткіліктілігімен байланысты банк секторының тәуекелдерін төмендетуге көмектесті.

Тұрғын үй құрылысына және үлескерлер проблемаларын шешуге қолдау білдіруге 545 миллиард теңге жұмсалды.

Елде іскерлік белсенділігін сақтау үшін біз шағын және орта бизнес субъектілеріне 275 миллиард теңге көлемінде бұрын-соңды болмаған қаржылық қолдау жасадық. Әкімшілік кедергілерді табанды қысқарту жөніндегі жұмыс жалғастырылды.

Негізгі салықтар бойынша ставкаларды әлдеқайда төмендеткен жаңа Салық кодексі іске қосылды.

Өткен жылмен салыстырғанда, корпоративтік табыс салығы биылғы жылдың өзінде үштен бірге төмендетіліп, 20 пайызды құрайды, ал 2011 жылы 15 пайыз болады. ҚҚС ставкасы 12 пайызға дейін төмендетілді. Әлеуметтік салық ставкасының регресті шкаласының орнына 11 пайыз көлеміндегі бірыңғай ставка енгізілді. Инвестицияларды жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін салық преференциялары көзделген.

Осының бәрі экономиканың шикізаттық емес секторын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың аса маңызды ынталандырғышының біріне айналды.

Мемлекеттік сатып алулар туралы Заң отандық өндірісшілерге артықшылық береді, мұның өзі де шағын және орта бизнеске қолдау білдіруге бағытталған.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 280 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға 120 миллиард теңге бөлінді.

Тұтастай алғанда ел экономикасына дағдарысқа қарсы мақсаттарда қосымша 2 триллион 700 миллиард теңгеден астам жұмсалды.

Бұл әлемдік дағдарыс салдарын еңсеру үшін қуатты ынталандыру екенімен келісерсіз.

Біз табанды да жедел әрекет етеміз, өйткені әлемдік дағдарыстың біздің экономикамыз бен қоғамымызға соққы күшін әлсірету үшін қашан және не істеу керектігін білеміз.

Бұған ел Үкіметі мен Парламентінің бірлескен жедел жұмысы жәрдемдесті.

Құрметті менің отандастарым, осы кезеңнің қыспағына бәріміз бірге қарсы тұруға тиіс екенімізді сіздер түсінсе екен деймін.

Үкімет әлеуметтік төлемдерді және бюджетшілердің жалақысын ұлғайту жөніндегі мемлекеттің барлық міндеттемелері толық көлемінде сақталуына кепілдік беруге міндетті.

Бұрынғы жоспарланғанындай, 2010 жылы бюджетшілердің жалақысы және шәкіртақы 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға ұлғайтылатын болады.

Зейнетақының орта мөлшері 2010 жылы 25 пайызға және 2011 жылы 30 пайызға ұлғайтылады.

Бұл ретте 2011 жылы базалық зейнетақылық төлемдер мөлшері ең төменгі өмір сүру мөлшерінің 50 пайызына дейін өседі.

Өздеріңізге белгілі болғанындай, мемлекет оқу ақысын төлеу үшін қаржысыз қалған студенттерге қолдау білдірді. Мемлекет барлығы студенттер үшін 11 мың грант және 40 мың несиені қосымша бөліп отыр.

 

Құрметті қазақстандықтар!

 

Біздің алдымызда дағдарыс салдарын еңсеру және келесі экономикалық өсуге әзірлену жөнінде үлкен міндеттер тұр.

Қазірдің өзінде біз қабылдағанның бәрі – бұл бүгінгі дағдарыс туындатқан ағымдағы проблемаларды шешу.

Мен тоқтап қалмауды, одан әрі жүруді және дағдарыстан кейінгі елдің дамуын қамтамасыз ету үшін экономиканы одан әрі жаңғырту және жұмыспен қамту стратегиясын іске асырудың жаңа жоспарын жүзеге асыруды ұсынамын.

Ең қиын жылдары біз салуды бастап, елдің жаңа байтағын – Астананы, біз осыны жүзеге асыра алатынымызға ешкім сенбеген кезде тұрғыздық. Біз осыны жасадық, мұны бүкіл әлем көріп отыр. Келіңіздер, осы жақсы тәжірибені жалғастыратын болайық.

Иә, жаңа қаражат қажет. Осы мақсатта дәстүрлі түрде Ұлттық қорға есептеліп келген шикізаттық сектордың табыстарын 2009-2010 жылдары жаңа жоспарды жүзеге асыруға жұмсау дұрыс болады деп санаймын. Тұтастай алғанда бұл Ұлттық қордан бекітіліп қойылған трансферттерге қосымша шамамен 600 миллиард теңгені құрайды.

Бұл – уақытша, бірақ та қажетті шара. Бұл ретте біз қазіргі сәтте бар елдің жалпы резервінің сол көлемін, яғни 47 миллиард американ долларын сақтаймыз. Бұл бізге осы дағдарыс жалғасқан жағдайда тұрақтылыққа деген сенімділік береді.

Қаражаттың басқа бір көзі – бұл бюджеттің барлық шығындық баптары бойынша қатаң үнемдеу және аса қатал қаржы тәртібі. Осыны ескере отырып Үкіметке республикалық бюджет шығындарын оңтайландыруды және апта сайынғы мониторинг режімінде бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жіті бақылауды тапсырамын. Осыған сондай-ақ біздің депутаттарды да шақырамын.

Қауырт өсу кезеңінде үйреншікті болып кеткен ысырапқорлық ойлы тұтынумен және үнемдеумен ауыстырылуы тиіс. Ашығын айтайық, бізге ақша пайда болған осы жылдары сұраныс көбейіп, штаттар қампиып кетті және іссапарлар саны, әрқилы ауқымды мәдениет күндерін өткізу ұлғая түсті. Осы мәселеде баршаның ойланғаны керек.

Категория: Все выпуски за 2007-2009 гг | Просмотров: 1314 | Добавил: gazeta_KO | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Поиск
Календарь
«  Сентябрь 2009  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930
Архив записей
Друзья сайта
  • Интернет компания