Меню сайта
Категории раздела
Все выпуски за 2007-2009 гг [183]
см. все
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 38
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2009 » Сентябрь » 22 » Назарға ілер назымдар
01:57
Назарға ілер назымдар

Ей, оғылан, ұмытпа, Ұстаз – ұлы  бағбаның,

Өміріңе  өнеге - өшпес  тәлім  алғаның .

Жарық  болар  жан-жағың , орындалар  арманың ,

Көкірегіңе  жаға алсаң  ұлы  ұстаздың  шамдалын!

 

                                                               *    *    *

Жақсылардың  әр  сөзі- жан азығы, білгенге,

Бір-біріне қарайлап  ажар   ашар  гүлдер де ...

Жын-жыбырмен шатасқан аулақтау жүр  нәкәстан,

Берекелі  сөз  шықпас  бейпіл ауыз  бақастан

                                                               *    *    *

Ұлы адамдардың  жүрегін  қашанда  ұлы  армандар  әлдилейді.

Арман әлдилеп, тербеткен  жүректің  кеуденің тар қуысына  симай әманда азат кеңістік , бостан  болашақты  аңсайтыны  осыдан «Тағдырдың  жазуымен  мәңгі  тұтқынға  түскен  жүректің  зар-мұңын, арзу-арманын  Тәңірім болмаса, пешенелі  пенде  қауымы  қайдан  ұға  қойсын, тәйірі!...Аманшыл  жүректің  тағдыры  аспаншыл  қыранның  талайымен  тақауласып  жатса, бұған не дерсің?!

Сонау жиырмасыншы  жылдардың  өзінде : «Тәуелсіздікке ие  болар күн  туа  қалса, ең  алдымен  өз халқымның  және  өзге  халықтардың  тарихы  туралы  кітап  жазуға  отырар едім. Бұл - өзара  ұғынысуға  өте- мөте керек»депті  Мұстафа  Шоқай.

Ұлы күрескердің  ұрпағы  бүгінгі  тәуелсіздік  қадірін  ұлы арман иесінше ұғына  қалса, бұдан  артық  үлгі-өнеге  бар  ма,  шіркін-ай!

                                                               *    *    *

Жылауын жүрек жылап, көзіңнен  жас  ағатыны несі  екен?

                                                               *   *    *

Ақынсыз  халық- ақылсыз  халық!

                               *   *    *

Сөз – жанның тілі , ән-жүректің  мұңы, тіл- рухтың  үні.! Жан кеудеден ұшқанда  сөз  өледі. Мұңның  аясында  сағыныш, аңсау, уайым, қаяу, қайғы, зар бар. Мұны  жеткізе  алмаған ән жүректі  қаппайды,  есте  сақтамайды, ескен желдей  өте шығады. Құлақта  тек  ызыңы қалады. Ал рухтың жөні  басқа! Өз  тілінде  сөйлей  алмаған  адам – руханн әлжуаз, мүгедек, міскін, бейшара. Ұлттық  сана-сезімнен  ада  адамда  тиянақ жоқ, қиянат  көп. Күнәнің  ең  ауыры- өз тіліңнен  өгейлену. Ана  сүтін емген  екенсің, өз тіліңді иемден. Өз рухының  үнін өз  кеудесінде  өшірген  жан  өзгеге  опа  бермейді. Опасыз да,  ождансыз  да  солардың  арасынан шығады!

Тәңірім  тексіздіктен  сақтасын!...

                                                               *   *    *

«Мен  талантты  қазақ  емеспін, талапты  қазақтың  бірімін...»

Мұны кім  айтты  деп ойлайсыз? Баукең. Иә, кәдімгі  қаһарман  десе – қаһарман , қаһарлы десе – қаһарлы Бауыржан Момышұлы!

Үлкен жүрек  иесінен ғана  ұлағатты  сөз шығады. Ұлық болсаң- кішік  бол. Кішірейгеннен  кісілігіне кір жұқпас  емес, керісінше  кішіпейілдігіне  ел  сүйсінелі.

Осы Баукең  өле- өлегенше «менің  халқым»,  немесе  «менің  қазағым» деп өзеурремепті, өрекпімепті , өңештенбепті.Халқының ,қазағының ар- намысына  қылдай  қиянат  тұрмақ , қылау түсірмеген, жанпида қызмет  еткен батырдың  біз  білетін бір өнегесі осы. Менің  халқым  деп  хан, патша  ғана  айтса жарасар  болар. Онда  да  сол  алдиярыңыз алдымен  өз халқыңа  қалтқысыз  қызмет етсін!

Әйтпесе, айттың не, айтпадың не? Сөз  атасын өлтіруге  ешкімнің де  хақысы  жоқ.

Өкініштісі сол,  бесіктен  белін  босата  салысымен «менің халқым», немесе «халқым- ау!» деп  өңмеңдейтіндер  көбейіп  барады. «Айналайын , ақ  патшам»  да  соның  бір кері.

Әдеп деген  болады. Таланттыны  халықтың  өзі-ақ  танып, біліп алады. Талапты  болғанға  не  жетсін?!

                                                               *   *    *

Дүние – қолдың  кірі, жусан ғайып,

Дүние-  қызыл  түлкі, қусаң  ғайып.

Ашылған  алақанда  Алла  ырзығы ,

Ырыс- құт жұдырықты жұмсаң ғайып.

                                                               *   *   *

Күн  бола  ма  бұлтсыз,

Ел  бола ма  ғұрыпсыз?

Тай  бола ма  таңбасыз,

Жан  бола ма  үмітсіз?

*    *    *

Ақын  жүрегіңізде  болсын,

Алла  тілегіңізде  болсын

Бұл  жалғанда  не  көрмейді  жалған  бас,

Бітер  істің  машақаты   аз  болмас.

Асқар  шыңның  белгісі-

Құзғынға  ұя салдырмас,

Ақиықтың  белгісі –

Қанатын  желге  талдырмас.

Қас жүйріктің   белгісі-

Шашасын  шаңға  шалдырмас

Қайнар  бұлақ  белгісі-

Қанша  ішсең  де  қандырмас

Қазанаттың белгісі-

Жүгін  жолда  қалдырмас

Азаматтың  белгісі-

Еншісі  елмен  тағдырлас.

*   *   *

Адамнан  қайыр, мейір қашқан күні

Көбейер  жер қайғысы, аспан  мұңы...

Жақсыға   көз қанбайды

Жаманға сөз  қонбайды.

                                                                              *    *    *

Шетімізден  іріміз,  ұлымыз,

Өнердің құлымыз дейтін  біреу-міреу  болсайшы?!

Адамды  алдаған – азалы

 Алланы  алдаған- жазалы

                                                                              *    *    *

Қүс  қандай  бақытты

Қанатын  көкке жая  білген?!

Мен  қандай  бақыттымын

Жер басып  жүргеніме  аяғыммен?!

                                                                              *    *   *

 

Ой  ұшқындары

Таза адам  өсек  арасында тұншықпайды

Сақтансаң  әдепсіз  әдеттен сақтан.

Ары тазаның  жаннатта  орны бар.

Көңіл - өмірді елестететін бейне.

Арман- аңсаған  мақсатқа  жетелейтін  жол басшы.

Өкініш- аяқтың  шалыс басуы.

 Сезім түрліше,  бәрінен де  ұят  сезімі күшті.

Жала  жабу-  жақсының  жағасын жырту.

 Адамзаттың  арманы- бейбіт  өмір  сүру.

 Өмір серігі болған үміт  ажал шеңгеліне  тастамайды.

Қателесу- адамзатқа  тән қасиет.

Философ – ақыл- ойдың  ұстазы.

Сұлу  кейде  сөзге  сараң,  ақылға  жетім.

Әйелінің  қателігін  ері  білер.

Жақсы әдеттен  жаман  әдет  тез  тарар.

Кемшіліксіз  пенде жоқ, данышпандар да  жеткілікті.

Даңқы  жер  жарады, ісі  көрінбейді.

Сәнін  жоғалтқан  қыздың  сезімі  салқын.

Шапқан  терек  қайта  өсер.

Табиғат - өмір  тынысы.

Кінәлі болсаң- тағдырға  өкпе  артпа.

Қасаң тіл- білімсіздіктің белгісі

Өмір жолын  шаңдатпа, тұншығарсың.

Шынайы  достыққа  уақыт  куә.

 Ерді – майданда,  әйелді – таршылықта,  ағайынды- жоқшылықта  сына.

 Бас кеңесші-  уақыт.

Біреудің  дүниесін тартып  алу- өміріне  қол сұғу.

Шындық пен  ақиқвт  құнсызданса – жарық  дүниенің  сөне бастағаны.

Ақылдыдан  асыл шығады,  ақылсыздан  масыл  шығады.

Ғылым  көрінгеннің  меншігі  емес,  қоғам  меншігі.

Ғылымның ғылым  боп өскенін  де, кері  кеткенін де  көретін  билік.

Бақыт  тірегі- шындық .

Лауазымды  адамдар  бірін- бірі қарпуға   да бар.

Ұятын  жоғалтқан-  арын  да  жоғалтады.

Алтын  жүген  ақсақ  атқа  жараспайды.

Адамның  құндылығын  бақұл  болғанда  білерсің.

Тобыр  толқыса  толқын  болар, толқын туласа  не   болар.?

Ақшаға  құныққан  жақынын  танымас.

Заманның  құрғыры болма,  бұлбұлы  бол.

 Үндемеу – сақтықтың бір  белгісі.

 Лауазымды адам  сүрінсе – оппозицияға  омақаласты  де.

От  кешкен де  бір,  у  ішкен  де  бір.

Жаман  адам  жақсы  шығарма  жаза  алмайды

Ой  мен  сөз  таза  бастау-  бұлақтан  қайнап  шықпаса, өзгені  сәулесіне  шомылдыра  алмасы  анық.

Категория: Все выпуски за 2007-2009 гг | Просмотров: 1168 | Добавил: gazeta_KO | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Поиск
Календарь
«  Сентябрь 2009  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930
Архив записей
Друзья сайта
  • Интернет компания