Меню сайта
Категории раздела
Все выпуски за 2007-2009 гг [183]
см. все
Наш опрос
Оцените мой сайт
Всего ответов: 38
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0
Форма входа
Главная » 2009 » Сентябрь » 26 » Алаштың ардақтысы Шаһкәрімнің туғанына 150 жыл
02:02
Алаштың ардақтысы Шаһкәрімнің туғанына 150 жыл

1858 жылы шілде айының 11 жұлдызында Шыңғыс таудың бөктерінде Құдайберді әулетінде перзент дүниеге келді. Бәйбішеден туған жалғызына әкесі Шаһкәрім деген ат қойған.

Шаһкәрім!... Шаһы түсінікті, ал Кәрім деген сөз араб тілінен аударғанда мәрт,  жомарт, қайырымды деген ұғымды білдіреді. Сәби берілген атына сай бала кезінен жомарт, қайырымды болып өседі. Шаһкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күңкеден туған. Шаһкәрім олардың немересі, яғни Абайдың немере інісі.

Жас балаға орыс тілін оқып үйренуге жол салған да Абай еді. Шаһкәрім тұрған елге бір жылы жер өлшеу мақсатымен орыс инженері келеді. Абай жас немере інісін әрі орыс тілін, әрі өнерін үйренсін деп әлгі инженердің қасына ертіп жібереді. Үш ай қасында жүріп үйренген балаға жылға бергісіз  үлгі - өнеге болады. Орыс инженерімен жүргенде Шаһкәрім тілді үйреніп қана қоймайды, ғылым сырына үңіліп геометрия  заңдарын үйренеді. Жас баланың зеректігіне таңданған орыс инженері кетерінде құрал жабдықтарын Шаһкәрімге тастап кетеді. Ауылға Абайдың Михаэлис, Долгополов сынды жолдастары келген кезде Шаһкәрімді де алдыртады.

Алайда білім – ғылымның қадір – қасиетін кештеу болса да терең түсініп, өз бетімен  оқып, үйреніп, рухани қазыналарға көп үңілген. Өз елінің сөз мұрасына қоса, басқа жұрт асылдарын меңгерген Шаһкәрім Абай мектебінен өтеді, берген ақыл – кеңестерімен өлеңдер шығара бастайды, поэмалар жазады. Жас баланың жоқшылық, жетімдік көрмей, сауатты да сергек өсуіне ұлы Абай қамқорында болуы қатты әсер еткен. Шаһкәрім  Абай саясында саналы, талантты ақын болып қалыптасты. Абайдың көзі тірісінде – ақ данышпан ақын екендігін алғаш танып, өлең жолдарын арнаған:

Ал, енді олай болса, кімді аталық,

Қазақта қай жақсы бар, көз саларлық.

Шын іздесек – табармыз  шыны ғалым!

          Жалыналық Абайға, жүр баралық.

Қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді,  жастарды өнер – өнегеге ғылым – білімге баулуды мұрат тұтады.

Шаһкәрімнің жасы қырыққа жақындаған кезде ұстаз тарапынан қызықты ұсыныс жасалды. Абай жас кезінде білім жолын қуа алмай қалған арманын,  енді  інісі арқылы орындағысы келетінін білдірді. Шығыс тілін жетік меңгердің, енді орыс тілін үйрене түс. Оқуыңды, оқуға керек қаражатты  өз мойныма аламын. Айтқан ұсынысыма келіссең афин – грек білімі Ыстамбұл қаласында жинақталған. Араб білімін Мекке мен Мединадан табасың  және Мысырдағы Александрия кітапханасына барасың дейді. Аға тарапынан айтылған орнықты ұсынысқа Шаһкәрім неге келіспесін, келіседі. Бірақ  сұм ажалдың қай кезде келітінін болжай  алмайсың. 1901 жылы ағасы Шәке қайтыс болды. Адамы қайтыс болған ауыл үш жылға дейін қаралы болады. Сөйтіп жүргендерінде 1904 жылы Мағаш, Мағаштан соң   Ақылбай қайтыс болып, біржола сорым қайнап қалды дейді Шаһкәрім.

Бірақ Шаһкәрім белді бекем буып, ағасының жылын өткізгеннен кейін ағасының аманатын орындау  мақсатымен алыс сапарға аттанып кете барады. 

1905 – 1906 жылдары хажыға сапар жасап оралады. Бұл сапарды ол көптен ойлап жүрген мақсаттарының бірі – Ыстамбұл кітапханаларындағы асыл мұраларды оқуға, тарих тереңіне үңілуге пайдаланған.

Шытырман қайшылыққа  толы қоғам өмірінің қатпарына еркін бойлап, таланты шалқи түскен шақта Шаһкәрім рухани тірегі – сүйеніші Абайдан айырылды. Енді ақынның айналасында ой - өрісі озық, дарынды адамдардың аз болуы, болса да бытыраңқы жүрген сәттер де Шаһкәрім сынды ерен тұлға  бір сәт қоғамнан бөлектеу болуға бел байласа, оның ешбір сөкектігі болмасқа керек. Адамға, оның ішінде шығармашылық ой адамына бір мезгіл тыныштық, өзі - өзімен болу, ой – сезім дүниесіне бойлау, өмірден алған әсер – тұжырымдарды жүйелеу, содан барып талай көркем шығармалар туатыны тарихта аз ба. Ағылшын әдебиетінің тарихында  романтик адамдар Коллирдж, Саути, Вудсворд қоғам өмірінен мүлде аулақ, табиғат аясында, тау, орман, өзенді жерлерді ұзақ уақыт мекендеген, оларды «Озерная школа» – «Көл мектебі  деп атайды. Олар қаншама шығармалар дүниеге келтірген. Шаһкәрім де солар іспетті. Өмірінің кейбір жылдарын ол өмір сұмдықтарынан аулақ, табиғат аясында тыныш өмір сүруге бел байлағанын неше түрлі саққа жүгіртіп, өсек - өтірік, жала жауып, тіпті, саяси өң беруге тырысу сол кезде де, кейін де болғаны әділетсіздіктің бір көрінісі еді.  

Алайда, тыныштық жағдайда өмір сүріп, шығармашылық еңбекпен алаңсыз шұғылдануына дұшпандары, бай қалдықтары, молдалар, ойлары таяз белсенділер мүмкіндік бермеді. 72 жасқа қараған шағында Шәкірім сол сұмдықтардан аулақ болуға, табиғат тыныштығы аясында  өмір сүруге тағы да бел байлап, Шыңғыс таулары бөктерінде оңаша тұрады. Оның қасында өмір тауқыметін бірге көрген серігі Әупіш қана болған.

Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы,

Ертеден жолдасымсың жасымдағы.

Таза жүрек, ойында арамдық жоқ

Қайғымды сен ұғасың басымдағы... деп оған арнап ақын «Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы» деген өлең шығарған.

Әупіштің үнемі қасында болуын адам еркін байлау сияқты сезінген Шаһкәрім «ойласам, еркіңді мен алдым неден, елге бар, рұқсат бердім ырзалықпен, қош, Әупіш, айрылысам сеніменен» деп рұқсат етеді. Бар серігі қалам мен қарындаш, «Қажымайтын кәрілік жеңгенше» бүкіл шаруаны өзі істеп, оңаша жүрген қарт Шаһкәрім туралы қаныпезер деген сияқты өтірік - өсек, лақап – қауесет таратып, оны зынданға да жабады, оның бәрі жала екені анықталып, Бақанас түрмесінен босатылады. Өмірінің соңғы жылдары мен күндерін тауда жалғыз өткізіп жүрген  Шаһкәрім 1931 жылы 12 қазанда 73 жасында дүниеден озады. Зұлымдардың, сұмдардың қолынан асыл адам қаза тапты. Қаныпезерлер ақынның сүйегін құдыққа тастайды, туыстары кейін мүрдесін тауып жерлеген. Өздерінің жасаған қылмыстарын бүркеу үшін оның соңынан неше түрлі жала жауып, қара қағаздар жазып, шегелеп, атын тарихтан өшіруге бар күштерін аямаған. Қанныпзерлерді істеген жауыздықтары үшін жазалаудың орнына оларды қолдаушылар табылған. Өмір бойы ақ пен қара, әділдік пен зұлымдық алысып келсе, сол зұлымдықтың бір құрбаны  Шаһкәрім болатын. Совет өкіметін орнатуға қарсылар тобына – бай – кулак элементтерге қатысы бар делінген кінә тағылды, оның аты аталмайтын болды.

1958 жылы ССРО–ның бас прокуроры Шаһкәрімді толық ақтады. «Шаһкәрім атына кір келтірген деректер жоқтығынан ақталғаны» мәлім болды. Шаһкәрімді ақтағаннан кейін оның аты мен шығармаларын халыққа қайтаруға тағы да  кедергілер кездесті. Бірақ, халық оны еш уақыт ұмытқан емес.

Шаһкәрім мұрасында опостық жанрдың бір түрі, белгілі бір оқиғаны өлеңмен баяндайтын, сюжетке құрылатын шығармалар – поэмалар елеулі орын алған.

Ақыл мен ақындық  қуаты толыға бастағаннан Шығыста «Ләйлі – Мәжнүндерді», Батыста «Ромео - Джульетталарды» танып, іштей түлеген, жаңа бір дүниелерді жарқ еткізсем деп құлшынған ақын сол кездегі ел аузында аңыз, ел көзінде елес болып жүрген дастан – трагедияға сұранып тұрған, өзіне бала жасынан қанық «Қалқаман – Мамырға» жабысты. Қазақ даласының шындығын тарихи тұрғыдан да жақсы таныған ақын екі ғашықтың өмірлік трагедиясын бүкіл трагедиямен шебер жалғастырады.

Бұл дастаннан кейін «Еңлік - Кебек» Шаһкәрім Құдайбердиевтің жаңа белесі, шыңырауы болды. Өзара сөйлескен сөздері мен өздері де ағылып тұрған ән, төгіліп тұрған жыр секілді.

Шаһкәрімнің поэзиялық шығармалары мазмұнға бай, сан салалы болып келеді. Шығармаларында азаматтық лирика да, махаббат лирикасы да, табиғат суреттері де, философиялық толғамдар да, ода, элегия, сонет, тарихи баллада, халықтық қара өлең үлгісі де баршылық. Осындай жан – жақтылық оның прозасына да тән.

Ел тәуелсіздігін алысымен, халқы оның шығармалары мен Шаһкәрім атты есімімен қайта табысты. Өмірінде көп қиыншылықтар көрсе де әдебиет саласына көп еңбек сіңіріп, артына асыл мұра қалдырды.  

Биыл Шаһкәрім Құдайбердіұлы қажының 150 жылдық тойы бүкіл ел көлемінде тойланатындығына үміттенемін.

 

 

 

 

 

 

               Суретте:   Шаһкәрім

                                                                                          Қайрат Балабаев.

Категория: Все выпуски за 2007-2009 гг | Просмотров: 1929 | Добавил: gazeta_KO | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Поиск
Календарь
«  Сентябрь 2009  »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930
Архив записей
Друзья сайта
  • Интернет компания